# ЕҚ
ЖАНДАРБЕК БҰЛҒАҚОВТЫҢ 3 жасқа келген қызына айтқан сыры
Қызым саған айтамын
Қызым...
Енді толса да үшке жасың,
Сені ойласам батпайды ішкен асым.
Адам түгіл айуан да ұрпағы үшін,
Жан қиярлық тігеді іске басын.
Қараймын да мен сенің заманыңа,
Алаңдаймын кіршіксіз ақ арыңа.
Өмір дейтін қардай ақ парағыңа,
Түспесе екен деп жүрмін қара күнə.
Балабақшаң үйретіп бар ісіңді,
Мерекеде билетіп "вальсыңды".
Ер балаға кетсін деп еті үйреніп,
Ерте бастан өлтірмек намысыңды.
Мектебің де жанашыр емес менше,
Елеңдеймін ертеңің елес берсе.
Бірте-бірте қысқарған юбкалардың,
Не боларын кім білсін сен өскенше?!
Тура жолдан көбейді ауған жандар,
Некен-саяқ тұлғалар таудан заңғар.
Саған ертең қамқорлық танытар ма,
Жаулығымен анаңның жау болғандар?
Арсыз қыздың кек кернеп көкірегін,
Əлсіз қыздың көгертті бет, реңін.
Қай қолымен бесікті тербетеді,
Қанға малып жүргендер екі қолын?
Қызым...
Ұят келтірме сен тегіңе,
Еріп кетпе ессіздің селтеңіне.
Тəрбиеңе мен сенің жауаптымын,
Жауаптысың сен елдің ертеңіне!
Жандарбек Бұлғақов